Кейбір жырым дән ұшырып қырманда, Кейбір жырым бақташы боп жүр маңда. Жоқ! Өлмеймін! Правом жоқ өлуге, Сөз сыйлайтын халқым аман тұрғанда! Қадыр Мырза Әли

четверг, 14 августа 2014 г.

Құрметті оқырман!

 

    «Қазақ жырының Қадыры» атанған ақын Қадыр Мырза Әли қазақ әдебиетінің барлық жанрында дерлік қалам тартқан жазушы: поэзия, проза, аударма, драма, публицистика, әдеби зерттеу. Әсіресе қазақ поэзиясында өзіндік өрнегі мен өнегесімен зор үлес қосып, оны жаңа белестер мен биік дәрежелерге көтерді.
    Ж. Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебеп ғылыми кітапханасы «Қазақтың Қадыры мен поэзияның қадiрi» деп саналған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Халық Жазушысы Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығына  арналған «Қазақ жырының қадыры»  атты  блог ұсынып отыр.
      Қадыр ақынды тану – қазақты тану. Өз халқыңды сүю өзгені мансұқтау емес,  өз ұлтыңды ұлықтау. Ақын Күләш Ахметованың сөзімен айтсақ:  «Қадыр Мырза Әли – ұлт ақыны. Қазақ деген тегі мықты, тарихы бай, тағдыры күрделі, түйсігі мың қатпар, қалтарысты, астарлы, тысты, алапат тілді, қабілетті қаһарман, қайсар халықтың тұңғиығына бойлап, кеңдігіне кепіл боп, бітімімен біте қайнасып, ұлылығын, рухын, ар-ұятын, үмітін барынша әспеттей отырып, кемшінін-мінін, қайғысын, сорын азаматтық тұрғыда қазып айта алған, сыншыл да ойшыл ақын» 
    Әр дәуір өз ақынын тудырады десек, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы Қадыр Ғинаятұлы Мырзалиев шығармалары оның өзі өмір сүрген жылдардағы көркем тілмен жазылған шежіре десе болады. Қадыр ақынның поэзиясы сан қырлы. Ол Отан, дәуір, халық, қазақ мінезі, елге, жерге сүйіспеншіліктен бастап, барлық жақсылық атаулыға сүйсініп, адал еңбек, пәк махаббат, биік адамгершілік, туған табиғатқа деген немқұрайды-лыққа дейінгі барлық әлеуметтік  саланы қамтиды.
       Қадыр Мырза Әли – ұлттық ақын. Ұлттық ақын болғанда қазақ халқының ақыны. Оның туған халқының арғы-бергі өмірі, тіршілігі, туралы жазған өлеңдері өте көп. Қадыр Мырза Әли – ұлтын шексіз сүйген ақын, оның ұлтына, қазағына деген мақтан сезімін «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру» деген өлеңінен көруге болады. Ақын поэзиясы қазақ халқы өмірінің көркемдік шежіресі, әдебиеттегі образды тарихы деуге де болады. Академик Серік Қирабаев: «Қадыр Мырза Әли ұлт тарихын, мінез-құлқын, ойлы көзбен өлшеп суреттейді. Онда терең идеялық мағына бар», – деп ақынның өзіндік бет-бейнесін, шығармашылық келбетін дәл айқындап берді. Қадыр ақын көркемдік дәрежесі биік, тілі нәрлі, ғибраты мол, идеялық мазмұны терең шығармаларымен қазақ сөз өнеріне зор үлес қосқан ірі суреткер, көркем сөздің шебері.
    «Қадырды білмейтін қазақ әсте жоқ. Қадырды әлі әріп танымаған бүлдіршін бөбектен бастап, әріпті көзілдіріксіз көре алмайтын қарияға дейінгінің бәрі біледі. Өзін білмесе де сөзін біледі», – деп белгілі жазушы, мемлекеттік, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев тегін айтпаған. Қадыр ағамыз Қаскелеңде мұғалім болған жылдары Елбасымыз Нұрсұлтан  Назарбаевқа да әдебиеттен сабақ берген. Қадыр Мырзалиев – әдебиеттің барлық жанрында өнімді еңбек еткен тұлға. Дегенмен ол кісі әдебиетпен қатар математика саласына да өте жетік болған екен. Қадыр ақын «Жазмыш» пен «Иiрiм» атты қос бiрдей әдеби мемуарлық кiтабын жазды. Өзінің «Иірім» кітабынан сурет өнеріне бейім болғандығын, студент кезінде Мұхтар Әуезовтің лекциясы үстінде ұстазының суретін салып отырған бала шәкіртке Әуезовтің өзі ризашылық білдірген екен.
    Қадыр ақын жырлаған: «Ана тілің арың бұл, Ұятың боп тұр бетте» деген өлең жолдарын білмейтін қазақ жоқ. Ақын тілімен: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп те жаздық. Қазақ тілінің қадірін, қасиетін айтудай-ақ айтқан қазақтың қадірлі ұлы Қадыр ақын «Бала тілі бола алмаса ана тіл, ана тілі бола алмайды ешқашан» деп те жырлады. 
     Ақын ағамыздың тұнықтықтан жаралған поэзиясы, өлең-жырлары болашақ ұрпақтарымыз үшін жол көрсетер шырағданы, үлгі тұтар бойтұмары болары анық. Академик-жазушы Зейнолла Қабдолов «Сөздің сәйгүлігі, ойдың озарманы» деп атаған Қадыр Мырза Әлидің қазақ үшін орны ерекше. Таланты мен еңбекқорлығын ұштастыра отырып артына өлмес мұра қалдырған тамаша талант иесі Қадыр ақынның орны бүгінгі ұрпақ орны ерекше екенін мақтанышпен айтамыз! Аяулы Атамекенін «Күннің өзі ұясына, қимай оны батады екен» деп сипаттаған  ақынның  жырлары ұрпақтың мәңгілік жадында. 

 
 Қадірлі   оқырман!

          Блог ғылыми қызметкерлерге, әдебиет     мамандарына жазушының еңбегін зерттеушілерге, кітапханашыларға, сондай-ақ ақын шығармашылығымен танысқысы келетін барлық оқырмандарға арналған.